Данияр Елеусінов Алматыда жекпе-жек өткізеді

Редактор
15.08.2024, 20:51

Ол кәсіпқой боксқа бет бұрғалы бері 11 жекпе-жекті жеңіспен аяқтаған

instagram.com/yeleussinovdaniyar

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов шаршы алаңға қайта оралатын болды. Рио Олимпиадасының чемпионы 28 қыркүйек күні Алматыда өтетін бокс кешінде өнер көрсетпек. Ал аталған кешті оның менеджері Зия Алиев ұйымдастырғалы отыр.

Белгілі боксшының өткен жылы өзінің менеджерімен арада болған дауы сотқа дейін жетіп, Алиев одан келісімді ерте бұзуға талаптанғаны үшін жарты миллион доллар талап еткен болатын. Бірақ биылғы қаңтар айында соттағы дау бейбіт түрде аяқталып, қос тарап жұмыстарын бірге жалғастыратын болып шешкен еді.
 
Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа бет бұрғалы бері 11 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 2023 жылдың желтоқсан айында ол Астанада ІВА ұйымдастырған "Чемпиондар түнінде" сынға түсіп, оңтүстікафрикалық боксшыны ұтты. Алайда бұл нәтиже оның жеке есебіне енген жоқ.
 
Алматыдағы бокс кешінде Елеусіновпен бірге Жанқош Тұраров та сынға түседі. Әзірге боксшылардың қарсыластары туралы мәлімет айтылмады.