«Сайтан алғыр, әрине жоқ»: Кроуфордтың бапкері Головкинмен жекпе-жек туралы айтты

Редактор
21.08.2024, 09:27

Соңғы рет Головкин Сауль Альвареспен жекпе-жек өткізіп, жеңіліп қалған болатын

коллаж: 1bol.kz

Соңғы бірер күннен бері ақпараттық кеңістікте қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен америкалық даңқты Теренс Кроуфорд арасында жекпе-жек өтуі мүмкін деген сыбыс тарады. Қос боксшының рингте кездесуіне Сауд Арабиясының шейхтері қызығушылық танытып, келіссөз жүргізген деген де ақпарат бар. Осыған байланысты Кроуфордтың бапкері мәлімдеме жасаған.

Америкалық боксшыны ұзақ уақыттан бері жаттықтырып келген Брайан «БоМак» Макинтайр журналист Люк Томаспен болған әңгіме барысында бұл ақпараттың жалған екенін айтты.

«Дәл қазір Кроуфордтың бапкері «Бомакпен» сөйлестім. Ол Кроуфорд пен GGG арасындағы жекпе-жек туралы сыбыстың жалған екенін айтты. «Сайтан алғыр, әрине жоқ» деді ол маған. Онымен болған сұхбатты жақын уақытта жариялаймын», - деп жазды Томас X әлеуметтік желісінде.

Еске салайық, ең алғаш болып Кроуфорд – Головкиннің жекпе-жегі туралы сыбысты бокс киімін сататын BOXRAW бренді таратқан еді. Мұнан кейін журналист Рик Глейзер де қос мықтының арасында бокс шоуын өткізу мүмкін екенін мәлімдеген.