Ол 28 қыркүйекте кезекті жекпе-жегін өткізуі тиіс еді
Кәсіпқой бокстан алғашқы жартылай орта салмақта IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жанқош Тұраровқа қыз зорлады деген айып тағылды. Бұл туралы ҚазТАГ ақпараттық агенттігі хабарлап отыр.
«Алматы қаласының Әуезов аудандық полиция басқармасына түскен арыз бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деп жазылған аталған хабарламада.
Бұған дейін белгілі боксшының 28 жастағы қызды зорлағаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған болатын. Онда оқиғаның қыздың пәтерінде болғаны көрсетілген.
Айта кетейік, Жанқош Тұраров өзінің чемпиондық титулын былтыр желтоқсан айында қорғаған болатын. Алматыда өткен бокс кешінде Тұраров жапон Акихиро Кондоны жеңген.
Ал, жуырда ғана ол 28 қыркүйекте келесі жекпе-жегі болатынын жарнамалады. Бұл күні Жанқош Тұраров «Алматы Аренада» өзінің IBO және WBA Gold белбеулерін қорғауы тиіс.