«Босқа жүгірте береді». Дычко қазақ боксшыларының тез шаршап қалуының себебін айтты

Редактор
22.08.2024, 17:30

Ол бапкерлердің біліксіздігін атап өткен

ҰОК

Бүгін кәсіпқой боксқа 14 айдан кейін оралып жеңіске жеткен, екі дүркін Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Париждегі сәтсіздік туралы пікір білдірді. Ол sportarena.kz порталына берген сұхбатында осының себебін жеткізді. 

«Менің түйгенім, оқу-жаттығу жиынында команда мүшелері тым көп жүктема алып қойған. Жақында 2016 жылғы Рио Олимпиадасындағы Эфе Аджагбамен өткізген жекпе-жегімді қарап шықтым. Әрине, ол кездесуде жеңіске жеттім. Бірақ оңайға соқпаған. Өйткені сол кезде қайта-қайта жаттығу жасай бердік. Ешқандай тың күш болған жоқ. Бокстасқан кезде энтузиазм жетіскен жоқ. Осы жолы Париж Олимпиадасына қатысты пікір білдірген сарапшылардың сұхбатын оқығанда үшінші раундта жігіттердің шаршап қалатынын айтқан. Содан түсінгенгенім біздің боксшылар тым артық жаттығу істеп, әбден зорығып қалған», - дейді Иван Дычко.

Оның айтуынша, біздің бапкерлер оқу-жаттығу жиындарында боксшыларға қажетті емес, физикалық жаттығуларды көп жасатады. 

«Бұл жолы да сол менің жаттығуыма ұқсас болған секілді. Қызық естілуі мүмкін, бірақ жүктемені азайту керек. Боксқа қатысы жоқ элементтерді алып тастау керек. Мысалы, 15 шақырымдық кросстың қажеті шамалы. Боксшыларға пайдасы тие бермейді. Үш сағат тауға шығу деген керек емес. Өзім қайсысынан қиналғанын айтып отырмын. Соның бәрі маған кесірін тигізді. Жалпы физкалық жаттығуларға қарағанда арнайы дайындық пен төзімділікке көбірек көңіл бөлу керек», - дейді боксшы. 

Айта кетейік, бүгін  Иван Дычко 14 ай үзілістен кейін рингке оралып, америкалық Крейг Льюисті нокаутппен жеңді. Бұл – қостанайлық боксшының кәсіпқой бокстағы 14-ші жекпе-жегі. Оның бәрінде Дычко жеңіске жеткен және 13-і нокаутпен.

Материалда: