Top Rank қазақ боксшысын салмақ қуа алмағаны үшін осылай жазалады ма?
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының промоутерлері алда өтуі тиіс жекпе-жектің саудасында жеңіліп қалды. Яғни, жекпе-жекті ұйымдастыру құқығына аустралиялық боксшы Андрей Михайловичтің командасы ие болып отыр деп жазды «Спорт Шредингера» телеграм-каналы.
Инсайдер Дэн Рафаэльдің мәліметінше, Жәнібектің промоутері Top Rank компаниясы IBF ұйымдастырған саудада жеңуге аса құлық танытпаған. Нәтижесінде No Limit Boxings промоутерлік компаниясы небәрі 1 000 доллар айырмасымен жеңіп кеткен: $351 000 және $350 000.
Бұл нені білдіреді? Енді жекпе-жектің қайда және қашан өтетінін Михайловичтің командасы шешеді. Алдын ала болжам бойынша ендігі бокс кеші Андрейдің отаны Аустралияда ұйымдастырылады.
Екеуінің арасындағы кездесу биыл шілдеде өтуі тиіс болғаны белгілі. Алайда, Жәнібек салмағын дұрыс қуа алмай, ауруханадан бір-ақ шыққан болатын.
Ең қызығы, осы 351 мың доллар жекпе-жектің жүлде қоры болып есептеледі. Яғни, екі тарап келіскеніне байланысты осы қаражатты бөліп алады. Жәнібек екі тұжырымда әлем чемпионы болғандықтан жеңсе де, жеңілсе де қаржының басым бөлігін иеленеді. Яғни, ары кетсе 300 мың долларды қалтаға басады. Бұның сыртында билет сатылымы мен жарнамалық ақшаның түсімі бар.
Яғни, Әлімханұлы бұл жекпе-жектен көп қаражат таппайды. Содан болар, ол әлеуметтік желіде өз эмоциясын жасыра алмады. «Сөзім жоқ. Бұл не?» жеп жазды Жәнібек Top Rank пен оның басшылары Боб Арум және Карл Мореттиді белгілеп.
Айта кетейік, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы. Михайловичпен болған жекпе-жекте оның осы екі белбеуі сарапқа салынады.