Жәнібек Әлімханұлын келесі жекпе-жегіне Мырзағали Айтжанов дайындап жатыр

Редактор
10.09.2024, 12:39

Қазақстандық боксшы алдағы айда Михайловичпен кездеседі

Видеодан кадр

WBO/IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы жақында жаңазеландиялық қарсыласы Андрей Михайловичпен кездеседі. Осы жекпе-жекке уақыт тығыз болғандықтан Жәнібектің дайындығына қазақстандық бапкер Мырзағали Айтжанов қолғабыс етуге келіскен.

Ұлттық құраманың экс-бапкері өзінің жеке шәкірттерімен Әлімханұлы дайындалып жатқан базаға келді. Спарринг үшін ертіп алған боксшылар қатарында Өзбекстаннан қоныс аударған этникалық қазақ Аман Қонысбеков те бар.

«Мырзағали ағамыз Жәнібектің жаттығуына көмектесіп жатыр. Америкаға баруға уақыт тығыз болып қалды. Мырзағали ағамыз лагерьге келіп, көп көмегін көрсетіп жатыр. Бірінші күн алты раундтық спаррингпен басталды», - дейді боксшының PR-менеджері Берік Сұлтан.

Жәнібек Әлімханұлы Андрей Михайловичпен негізі 14 шілдеде кездесуі тиіс болған. Бірақ «QAZAQ Style» салмақ қуам деп, ауруханадан бір-ақ шықты. Қазақстандық боксшы алдағы айда Михайловичпен жолығамын деп отыр. Бірақ кездесу күні нақты әлі айтылған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін отандасымыздың Михайловичпен жұдырықтасқан жағдайда небәрі 300 000 доллар алуы мүмкін екені хабарланған.