Бахрейн атынан жұдырықтасқан қазақ боксшысы Азат Махметов мансабын аяқтады – сұхбат

11.09.2024, 00:36

Ол ірі халықаралық турнирлерде жеңіске жеткен

olympic.kz

Бахрейн атынан әлемдік додаларда жұдырықтасқан қазақ боксшысы Азат Махметов спорттағы мансабын аяқтады. Бұл туралы Азаттың ағасы – аралас жекпе-жек шебері Айдар Ахметов «Бірінші бол» тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Есте болса, Олимпиадаға лицензия беретін Италиядағы турнирде Азат Сәкен Бибосыновтан жеңіліп, жолдамасыз қалған болатын. Оның жолы Тайландта да болмады.

– Айдар, өзіңіз талай жылдан бері жекпе-жек өнерінде жүрсіз. Спорт комментаторысыз. Осы орайда боксшыларымыздың Париждегі өнері туралы пікіріңізді біле кетсек.

– Бокстың қызу талқыланатынындай бар, қай кезде де ерекше назарда, себебі бокс біздің халық үшін  ұлттық спорт секілді. Бокста Олимпиадада бір алтын алсақ, онда ол табысты болып саналады. Егер басқа спорт түрлерінде бәрі жақсы болып, бокста алтынсыз қалсақ, онда Олимпиаданы сәтсіз дейміз.

Сол үшін де бокста алдымен әділетті іріктеу керек. Жекпе-жек тең аяқталса, жеңіс кез келген тарапқа кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан да бәрі әділетті, ашық өтуі қажет. Ешкімде артық сұрақ туындамайтындай ұйымдастырылуы тиіс.

Екіншіден, өзбектер секілді бізді де екінші және үшінші құрамамыз қай кезде де дайын тұруы керек. Әйтпесе бізде тек бірінші нөмірлі боксшылар ғана жүреді. Мен өзбек боксын терең зерттеп жүрмін. Олар соңғы дайындықтарын Париж маңындағы қалада өткізді. Ал Францияға ауа райына бейімделу үшін Олимпиада басталардан екі апта бұрын барды. Біздікілер Алматыдан жарыс басталар алдын бірнеше күн бұрын ғана аттанды. Бұл да көп нәрсені аңғартады.

Айдар мен Азат Махметовтер

Содан кейін, шетелдік мамандарды шақыртудан қорықпау керек. Өзбекстанның өзі ашық айтпаса да, екі бірдей кубалық маманның көмегіне жүгінген. Бірі физикалық даярлыққа, екіншісі техникалық даярлыққа жауапты. Әлемдік тәжірибені енгізуден қорықпағанымыз жөн.

Одан қалды, өзбектерде шетелдік спорттық функционерлер, спорт менеджерлері дзюдо, күрес, бокс, футбол, ескек есу секілді бірнеше спортта жұмыс істейді. Олар алысты көздеп отыр. Сол үшін де шетелдік сарапшыларды, мамандарды тарту керек деймін.

Тағы бір мәселе, әлемдік федерация, ұйымдардың құрамында төрешілеріміз ғана емес, біздің фунционерлер де мүше болуы қажет. Осындай мамандарды мақсатты түрде соған бағыттау керек. Өзбекстанның қаншама маманы әлемдік ұйымдарда қызметте жүр.

Сондай-ақ, елімізде түрлі халықаралық турнирлер өткізуге ұмтылу керек. Ол World Boxing бола ма, әлде ІВА ма, бәрібір. Жігіттерімізге шыңдалуға, тәжірибе жинауға жан-жақты жағдай жасауымыз керек. Бірінші кезекте ашық бәсекелестік маңызды. Міне, осыны ұмытпайық. Құрама мүшелерінің кәсіпқой бокста да бақ сынап көруіне мүмкіндік берудің де пайдасы орасан. Баходир Жалоловтың өзі кәсіпқой бокста 14 жекпе-жек өткізді.

Сәкен Бибосынов пен Азат Махметов

– Геннадий Головкин отандық федерацияға ІВА құрамынан шығуға кеңес берді. Бұл қаншалықты дұрыс шешім болмақ?

– Геннадий Головкин мықты, тәжірибелі боксшы, ол Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы ретінде өз ойын айтты. Сондықтан оның пікірін дұрыс немесе бұрыс деп бағалағаным дұрыс болмас. Ол не айтса да ойланып барып айтатыны анық. Меніңше, жуық арада федерация әрі қарай кіммен жұмыс істейтінін өзі шешеді. Жеке басым екі ұйыммен қатар жұмыс істеуге мүмкіндік болса, осы мүмкіндікті пайдалану керек деп ойлаймын. Егер екеуінің арасында бірін ғана таңдау керек десе, онда қай ұйымның құрамында болашағымыз жарқын болады – соның пайдасына шешім қабылдау қажет.

 – Желіде өзбек боксшыларының даярлыққа кірісіп жатқаны, ал біздің балалардың әлі той тойлап, шоудан шоуға жүргені де жиі айтылып жүр. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Иә, мұндай мәселе бар, өте үлкен мәселе. Қазақ «семіздікті тек қой көтереді» дейді ғой. Кейде боксшыларымыздың шынымен де негізгі міндетін ұмытып кетіп жататынын көріп жүрміз. Бұл туралы ара-тұра айтамыз да. Жан-жақтан сыйлықтарды үйіп-төгіп беріп жатады, мұның бәрі адамның мотивациясын жоғалтуына тікелей әсер етеді. Адам тойынбауы керек. Ол әлі бар мүмкіндігін көрсетпегенін, әлеуеті бұдан да жоғары екенін түсінуі қажет. «Кейін-ақ қыдырып, көңіл көтеріп үлгересің» деп айтып отыру керек. Мұндайда қатаң тәртіп қажет. Бәрі бірқалыпты жалғасуы керек. Себебі режимнен шыққан соң, оған оралу үшін көбірек уақыт қажет болады. Жігіттер де ертерек есейіп, бапкерлер мен функционерлер спортшының болашағы оның қазіргі даярлығына, тәртібіне тікелей байланысты екенін естен шығармаса екен деймін. Роналду, Месси, Майкл Джордан секілді мықтылар жастарға үлгі болуы керек. Спорт тарихындағы ең танымал, ең бай саңлақтар, сөйте тұра әлі күнге дейін жаттығудан бір күн қол үзбейді. Головкиннің өзі кешеге дейін жұдырықтасты. Міне, біздің жігіттер соларға қарап өсуі керек. Спорттық өмір ол тез өте шығады, тым қысқа. Жан-жағыңа қарап үлгергеніңше ізіңді басып келе жатқан жастарды көресің. Сонан соң ешкімге керексіз болып қаласың.

– Ініңіз Азат та боксшы. Соңғы жылдары Бахрейн атынан өнер көрсетіп жүрді, тек Олимпиадаға бара алмады. Әрі қарай не істейді? Қазір Бахрейнде ме?

– Азат Бахрейнде көп болмайтын. Араб елдері легионерлерді материалдық-техникалық және бапкерлер базасы мықты елдерден алдыртады. Себебі ол жақта ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан Мырзағали Айтжановтан Азаттың құрамамен бірге даярлануына рұқсат алдым. Бахрейн немесе Әмірліктердегі даярлық әлдеқайда нашар, қалай дегенмен біз бокста озық тұрған елдердің біріміз ғой, қажеттінің бәрі бар. Қолымнан келгеннің бәрін жасап көмектестім. Өкінішке қарай, мүмкіндіктерін өзі пайдалана алған жоқ, қателік өзінен болды. Соған қарамастан Азат Сауд Арабиясында Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарында жеңіске жетті. Финляндия, Швецияда өткен турнирлерде топ жарды. Қартайғанда немерелеріне айтып беретін қызық оқиғалары көп болады деп ойлаймын.

Қазір ол мансабын аяқтап, күнделікті өмірге бейімделіп келеді. Сандарға, есепке жақын екенін байқадым, бұл кәсіби спортшы үшін сирек кездесетін жағдай. Сондықтан өз саласын табады деп ойлаймын.

– Уақыт тауып, әңгімелескеніңіз үшін көп рахмет!