Ол абсолютті чемпион болу үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін дегенді айтып отыр
Боксшыларымыз Париж олимпиадасынан алтынсыз оралғандықтан, бұған дейін үздік шыққандарды түгендеумен ғана жүрміз. Кезінде Риода қарсылас шақ келтірмей, өзбектерді қалай жеңу керектігін көрсеткен Данияр Елеусінов бүгінде кәсіпқой бокста бағын сынап келеді. Жақын арада ол Алматыда кезекті жекпе-жегін өткізеді. Осы орайда Даниярдан алдағы айқасына даярлығы және әуесқой боксшыларымыздың кем-кетігі жайлы пікірін сұрадық.
– Данияр, қыркүйек айының соңында Алматыда бокс кешінде өнер көрсетесіз. Даярлық қалай?
– Аллаға шүкір, дайындық ойдағыдай, бәрі жақсы, әкеммен бірге соңғы жаттығу жұмыстарын керемет жүргізіп жатырмыз.
– Ал қарсыласыңыз туралы не айтасыз?
– Қарсыласым – өте тәжірибелі боксшы. Соңғы кездесуінде, нақтырағы реваншта жеңіліс тапқан, ал оған дейін сол боксшыны толық жекпе-жекте нокаутқа жіберген. Шаршы алаңда біраз жетістікке жетіп, белбеулерге иелік еткен. IBF, WBO, WBC және тағы басқа титулдарға иелік еткен былғары қолғап шебері.
Бұл оралу кездесу екенін білесіздер. Сөйте тұра ол менің деңгейімдегі боксшы еместігін біледі, дегенмен оны мен шешкен жоқпын. Промоутерлердің айтуынша, сол ғана келісімін берген, одан мықтылары ақшасына келіспепті, әйтпесе өзім білікті әрі білекті қарсылас сұрағанмын. Бұйыртса, осы айқаста жеңіске жетіп жатсам, халқыма қызықты жекпе-жек өткізгім келеді. Әрине, жұлдыздарды әкелу қиын болатын шығар, олар көп сыйақы сұрайтыны анық. Кешегі күнге дейін өзі пікір жазып жүрген Тарас Шелестюкті алдыртсақ та жаман болмас еді.
Мұның бәрі АҚШ, одан бөлек кәсіпқой бокс жақсы дамып жатқан Сауд Арабиясы немесе өзге елдерге жол тарту үшін жасалып жатқан қадам. Себебі рейтинге өсіп барып жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан алдағы уақытта мықты қарсыластармен кездесу өткізуге тырысамыз.
Бірақ қарсыласты бағаламауға болмайды. Филиппиндік боксшылар өте жылдам келеді. Бұл қарсыласымның маған ұнаған тұсы – ол қашып жүрмейді, ашық айқасқа барады. Маған ыңғайлы болады деп ойлаймын.
– Шаршы алаңға сирек шығасыз. Жалпы, айқас ұйымдастыруда қандай қиындықтар бар?
– Промоутеріммен бастапқыда жақсы келе жатқанбыз. Одан кейін де ол кісіден ұсыныстар болды, бірақ мен бас тартып, сонан соң арасы ұзап кетті. Олар беделді промоутер болғандықтан, әрі бокс әлемі кішкентай болғандықтан, басқалары да естиді. Енді сол қателіктерді қайталамауға тырысамын. Абсолютті әлем чемпионы атансам деген жоспарым бар, сол мақсатта тынымсыз еңбек ететін боламыз. Осы бәсекеден соң бір-екі ғана қадам қалады. Осы жолы да деңгейі жоғары айқас болады деп ойлаймын.
– Осы жекпе-жектен соң жоспарыңыз қандай? Шетелде жұдырықтасуға мүмкіндік бар ма?
– Үйде ғана жұдырықтаса бергім келмейді. Осы кездесуді абыроймен өткізіп алған соң, одан кейінгісін Шелестюк секілді елге танымал боксшылармен жұдырықтассам деймін. «Данярмен бокстасамын» деп жатқандар бар, бірақ өзіміз ұсыныс жасағанда, олар үнсіз қалуы мүмкін. Негізінен бәрі сыайқы мөлшеріне қарайды. Себебі аз ақшаға келісіп, ұтылып қалса, рейтингі түсіп кетеді.
– Ал кәсіпқой боксқа ауысқысы келетін боксшыларға қандай кеңес берер едіңіз, ең алдымен нені ескеру керек?
– Жас боксшыларға асығыс қадам жасамауға кеңес берер едім. Себебі кәсіпқой бокстағы қолғап, темп әуесқойдан бөлек. Соны сезініп алу керек. Соққыларын қойып алу қажет. Қарсыласты құлатуды үйренген жөн. Оппозицияны біртін-біртін өсіре беру керек. Өз деңгейің өскеніне қарай қарсыласыңның дейгейі де артып отырғаны дұрыс.
– Париждегі боксшылардың өнері туралы пікіріңізді білсек, себебі боксшыларымыздың өнеріне көңілі толмағандар көп. Сіздің ойыңызша, оларға не жетіспеді?
– Париж олимпиадасында боксшыларға шеберлік пен тәжірибе жетпей жатқан тұстар болды, бәрі бірдей демеймін, бірақ ондай сәттерді көзім шалды. Жауапкершілік жүгі қысып тастады, қулық та болмады. Махмұд Сабырханның салмағы 57 келіге жетпейді екен. Негізі ол 51-54 келіде бокстасатын жігіт. Айбек пен Нұрбек Оралбайлар жақсы жұдырықтасты. Тек жігіттерге әмбебаптық, жан-жақтылық жетпеді. Сол қателіктермен жұмыс істеу керек.
– Парижден соң бапкерлер құрамы өзгерді. Негізі төмен көрсеткіш тек бапкерлердің кінәсі ме, қалай ойлайсыз? Қалай дегенмен өзіңіз де талай жыл ұлттық құрамада жүрдіңіз ғой.
– Жауапкершілікті тек бапкерлерге артып қою дұрыс емес. Бұл ортақ жұмыс қой. Бірақ бапкерлер боксшылардың оқу-жаттығу жиындарындағы функционалдық даярлығына, жаттығудың әртүрлі өтуіне жауапты. Дәл қазір кінә кімнен екенін анықтап отыра бермей, қателіктермен тездетіп жұмыс істеу қажет. Алда мықты нәтиже шығатынына сенемін, себебі өмір алма-кезек. Мен де Лондон олимпиадасында қателіктерімнің кесірінен ширек финалда жеңіліс таптым. Есесіне одан кейінгі ойындарда топ жардым. Сол секілді өзге жігіттер де қателіктерден қорытынды шығарып, болашақта чемпион атанады деп үміттенемін. Себебі қиындық пен сыннан сүрінбей өткен адам ғана жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Бастысы, соны дұрыс қабылдай білу керек. Рухы мықты азамат міндетті түрде үздік шығады.