Қазақстан бокс федерациясы ІВА құрамынан шыға ма? Серік Сәпиев жауап берді

Редактор
23.09.2024, 16:31

Сәпиев Қазақстан бокс федерациясының болашағы туралы ойын айтты

Видеодан кадр

Бокстан 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Baige.News-ке берген сұхбатында 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарындағы бокстың болашағы және Қазақстан бокс федерациясының Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) құрамынан шығуы мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

«Қазіргі уақытта Халықаралық бокс қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитеті арасында түсінбестіктер бар. ХОК соңғы сессиясында ІВА-ді ХОК қозғалысынан шығарып тастады. Міне, осындай жағдай. Бәрі ауада қалқып тұр. Екі Олимпиаданы Халықаралық олимпиада комитеті өткізді. Халықаралық бокс қауымдастығы – бөлек ұйым. Өз қалпында жұмыс істеп жатыр.

Боксты (олимпиадалық қозғалысты) шығарып тастамайды деп ойлаймын. Оны қалай шығаруға болады? Жұдырықтасу спорты Ежелгі Грекияда өткен Олимпиада ойындарында да болған. Боксты Олимпиада бағдарламасынан шығару дегенді бастаманы кім айтып айтып жүр? Меніңше, ол адамды бүкіл әлем талқылайтын шығар», - деді бокстан Лондон олимпиадасының чемпионы. 

Сәпиев Қазақстан бокс федерациясының болашағы туралы да ойын айтты. Серіктің сөзінше, ол бұл мәселені ҰОК басшысы Геннадий Головкинмен талқыламағанын алға тартты.

«Бұл мәселені Геннадий Головкинмен талқылаған жоқпыз. Сценарий, жоспар құрған жоқпыз. Әзірге федерациямыз жаңадан құрылған World Boxing-ке ауысады деп айту қиын. Себебі олар (Қазақстан бокс федерациясы) Азия конфедерациясының мүшесі. Меніңше, бәрі Азия конфедерациясының бағытына байланысты болатын шығар. Сол кезде біздің федерацияның пікірі де өзгерер. Ал дәл қазір біз Азия конфедерациясындамыз және Халықаралық бокс қауымдастығының мүшесіміз. Не болатынын уақыт көрсетеді, - деп қосты Серік Сәпиев.

Материалда: