Істі болып жатқан Жанқош Тұраровтың Алматыдағы жекпе-жегі кейінге қалдырылды

Редактор
23.09.2024, 22:18

Оның қарсыласы бұры-соңды жеңілмеген венесуэлалық боксшы болатын

instagram.com/zhankoshturarov/

28 қыркүйекке жоспарланған кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың (28-0, 28 КО) жекпе-жегі өтпейтін болды. Бұл туралы спортшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

«28 қыркүйекке жоспарланған жекпе-жегім оң иығымнан жаттығу барысында жарақат алуыма байланысты кейінге қалдырылды, қай уақытта болатынын алдағы уақытта хабарлайтын боламын», - деп жазды боксшы.

Жанқош Алматыда екі бірдей чемпиондық атағын қорғау үшін 28 қыркүйекте шаршы алаңға шығады деп күтілген еді. Қарсыласы бұрын-соңды жеңіліп көрмеген венесуэлалық Хесус Корреа Пинто (16-0, 16 КО) болатын. 

Естеріңізде болса, ол соңғы рет өткен жылдың желтоқсан айында жекпе-жекке шығып, өзінің чемпиондық атағын қорғады. Сол жолы Тұраров жапониялық Акихиро Кондодан басым түскен еді.

Жанқош Тұраров осыған дейін кәсіпқой бокста 28 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті.

Еске салайық, осыдан бір айдай уақыт бұрын Алматы полициясына жергілікті тұрғын арызданып, өзін белгілі боксшы Жанқош Тұраровтың зорлағанын айтқан еді. Артынша полиция қылмыстық іс қозғалғанын растады.