Қазақстан боксшылары ІВА ұйымдастыратын Азия чемпионатына қатыспауы мүмкін

27.09.2024, 00:09

Шымкентте өтетін халықаралық турнирден кейін шешім қабылданады

Orda.kz

Қазақстан бокс федерациясы World Boxing ұйымына мүшелікке енетіні белгілі болды. Осы орайда біз федерация президентінің кеңесшісі Тұрсынғали Еділовке хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық. 

Еділов бұл шешімнің аяқасты қабылданбағанын айтты. Дегенмен, федерацияның қай бағытта жұмыс істейтіні алдағы уақытта нақтыланады.

«Өздеріңіз білесіз, Халықаралық олимпиада комитеті ІВА-ны құрамынан шығарып тастап, соңғы Олимпиададағы бокс жарысын өзі ұйымдастырып жүр. Тіпті, Умар Кремлев басқаратын ұйымға мүше федерациялар 2028 жылы Лос-Анджелестегі аламанға қатыспайды деп те ескерткен. Сондықтан ҰОК президенті Геннадий Головкин отандық федерацияға ІВА-дан кетуге кеңес берді. Міне, бұл мәселе Париждегі аламаннан бері талқыланып келе жатқан. Бүгін Головкиннің World Boxing-те басшылық қызметке тағайындалғаны айтылды. Содан соң біздің федерацияның да осы ұйымға кіруге өтініш бергені жазылды. Шешімді федерация президенті мен ҰОК басшылығы біріге отырып қабылдаған», - деді Еділов.

Федерация президентінің кеңесшісі екі кеменің басын ұстап қалу мүмкін еместігін де қоса кетті. Тиісінше, федерация ІВА-ден шығып, одан қалды құрама Азия чемпионатына да қатыспауы мүмкін.

«Әлі президентпен сөйлескен жоқпын. Біз үшін маңыздысы – Олимпиада ойындарына қатысу. Мұның бәрі сол үшін жасалып жатқан қадам. Әзірге қандай жарыста бақ сынап, қандай іс-шаралар өтетінін білмеймін. Алдағы Азия чемпионатына да қатыспауымыз мүмкін. Мұның бәрі Шымкентте өтетін турнир кезінде шешіледі. Сол жақта жиналыс өтіп, жан-жақты талқылайтын боламыз», - деп қосты Тұрсынғали Еділов.