Ол Головкиннің бокс федерациясына қысым көрсетуі мүмкін екенін айтты
Қазақстандық бапкерлер мен спортшылар Халықаралық бокс қауымдастығының құрамында қалуды жөн көреді. Ресей бокс федерациясы бапкерлер кеңесінің төрағасы Эдуард Кравцов «Матч ТВ» арнасына берген сұхбатында осылай деді.
«Бұл жайтқа қатысты Геннадий Головкиннің ұстанымын бұған дейін де бірнеше рет тыңдадық. Бұл оның жеке ойы. Ол көпшілік үшін мықты боксшы екені сөзсіз, бірақ басшы ретінде енді ғана алғашқы қадамдарын жасап жатыр, ал олардың қаншалықты дұрыс не бұрыс болатынын уақыт көрсетеді. Меніңше, Қазақстан ІВА-дегі мүшелігін сақтап қалады. Бірақ Қазақстанда World Boxing құрамына енетін тағы бір ұйым құрылады деп ойлаймын. Бәлкім керісінше де болуы мүмкін, яғни федерация ҰОК қысымымен Головкин басқаратын ұйымға кірсе, онда ІВА-де өнер көрсететін тағы бір ұйым пайда болады.
Боксшылар мен бапкерлерге келсек, олардан біреу-міреу сұрамайтыны анық. Мен сол жақтағы боксшылармен және бапкерлермен сөйлесіп тұрамын және олардың барлығы IBA-де қалуды құп көреді, себебі IBA спортшыларға өзін және отбасын асырауға жағдай жасап отыр, — деді Кравцов.
26 қыркүйек күні ҰОК басшысы Геннадий Головкиннің World Boxing жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы атанғаны белгілі болды. Жоспар бойынша бұл ұйым Халықаралық олимпиада комитеті қатарынан шығып қалған ІВА ұйымының орнын басуы тиіс.