«Чарло менімен төбелесе ме, жоқ па»: Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионына үндеу жасады

Редактор
08.12.2023, 14:08

Қос боксшы да орта салмақта абсолютті чемпион болудан бірден-бір үміткер

Instagram/janibek_alimkhanuly

Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы осы салмақтағы WBC чемпионы америкалық Джермалл Чарлоға үндеу жасады.

Бұған дейін Чарлоның өзі Жәнібекпен жұдырықтасуға дайын екенін, оның белбеулерін оп-оңай тартып алатынын айтқан болатын. Бірақ, екі тараптың менеджерлері болашақ жекпе-жек бойынша әлі ешқандай келіссөз бастамаған.

«Менің бір сұрағым бар. Чарло менімен төбелесе ме, жоқ па? Мен WBO/IBF және WBC-ді сарапқа салатын айқас өткізуді ұсынамын», - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде.

Еске салайық, Джермалл Чарло екі жарым жылдық үзілістен кейін биыл қараша айында рингке оралды. Ол жерлесі Хосе Бенавидеспен 10 раундтық жекпе-жек өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен.