«Мықты болсаң, қалай орын бересің?»: Назым Қызайбай жас боксшылар туралы айтты

Редактор
07.10.2024, 11:41

Боксшының ұлттық құрамада жүргеніне 16 жыл уақыт болған

Видеодан кадр

Бокстан Париж олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай орнын жастарға босатуы мүмкін бе? Көпшіліктің көкейінде жүрген сұраққа боксшы қыз жауап берді.

Ол «Бірінші бол» арнасына берген сұхбатында ұлттық құрамада жүргеніне 16 жыл уақыт болғанын атап өтті.

«Ұлттық құрамада жүргеніме 16 жылдай болып қалыпты. Біздің кезімізде қыздар кішкене басқаша болған, қазіргі жастар басқаша. Өзім жастар біз сияқты еңбектенбейді, біз сияқты жаттықпайды деп ойлаймын. Қазір бізге қарап бой түзеп келе жатыр», - дейді Назым Қызайбай.

Қола жүлде алған соң боксшыға тұрмысқа шық деп айтатындар көбейген.

«Бәрі «Олимпиадаға барып келдің ғой, енді күйеуге шық» деп айтады. Тіпті, таксиге отырсам да еститінім осы әңгіме. Ал менің Лос-Анджелеске барсам деген мақсатым бар. Елдос Сметовтің жолын қуайын деп жатырмын. Маған «жастарға орын бер» деп көп адам жазады. Бірақ біз жас боп тұрғанда бізге ешкім орнын бермеді ғой. Сосын сені жеңіп тұрған жас болса неге бермеске? Былай өзің мықты боп тұрсаң өз орныңды өзің қалай бересің? Жас емес, бәрі де еңбекке байланысты», - деді Назым Қызайбай.