WBO Жәнібек Әлімханұлын жазалаудан бас тартты

Редактор
09.10.2024, 17:22

Сиднейде өткен айқаста ресми түрде тек IBF белбеуі сарапқа салынды

Instagram/@janibek_alimkhanuly

4 қазан күні қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына үміткер болған жаңазеландиялық Андрей Михайловичті тоғызыншы раундта нокаутпен ұтты.

Сиднейде өткен айқаста ресми түрде тек IBF белбеуі сарапқа салынды, негізі жекпе-жек алдында WBO да титулды қорғауға рұқсатын берген. Бүкіләлемдік бокс ұйымы осы кездесуден соң Әлімханұлына мұндай шешімнің себебін бес күнде түсіндіру туралы хат жолдады, әйтпесе ұйым бұл титулды бос деп жариялайтынын айтқан.

Дегенмен инсайдер Дэн Рафаэльдің сөзінше, WBO Жәнібекті жазалаудан бас тартқанын алға тартты.

«WBO орта салмақта WBO/IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібекті жазалау жоспарынан бас тартты, дегенмен оған тез арада Хамза Ширазбен келіссөздер бастауды тапсырды», — деп жазды ол Х-тегі парақшасында.

Әлімханұлы мен Ширазға келіссөздер жүргізуге 15 күн берілген.