Өзбекстан ІВА-ден шыға ма?

Редактор
10.10.2024, 21:34

Ресейліктер басқаратын бокс ұйымы жемқорлыққа әбден батқан деп айыпталуда

instagram.com/boxinguzbekistan_official

World Boxing президенті Борис ван дер Ворст Өзбекстандағы Ұлттық олимпиада комитетіне барып, елдің спорт министрі Адхам Икрамовпен кездесті.

Кездесу барысында боксты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалу мәселесін талқылады.

Оның сөзінше, ұйым боксты Олимпиада бағдарламасында сақтап қалу міндетін жалғастыруда. Сонымен қатар, Ворст Париждегі ойындарда Өзбекстанның ерлер құрамасы 5 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын ерекше атап өтті.

«World Boxing бокс әлемінде беделді Өзбекстан тарапынан қуатты қолдау алғанына қуаныштымын», - деп жазды ван дер Ворст өзінің Instagram-дағы парақшасында. 

Өзбек спортының өкілдері де бокстың Олимпиада ойындарында қалғанын қалайтынын алға тартты.

World Boxing – 2023 жылы сәуірде құрылған Халықаралық бокс федерациясы. Оның құрамына қазір 44 елдің ұлттық федерациялары енген. Ол Халықаралық Олимпиада комитеті мүшелігінен шығарып тастаған ІВА-дің орнын басады деген мақсатта құрылды. Бұған дейін Қазақстан бокс федерациясы ұйымға мүше болуға өтініш берген.