Қамшыбек Қоңқабаевтың «грыжасы» бар – бас бапкер

Редактор
13.10.2024, 23:25

Нұрбек Оралбай мен Асланбек Шымбергенов те емделіп жатыр

olympic.kz

Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Olympic.kz-ке берген сұхбатында құрама сапында жарақат алған боксшылар туралы айтты.

Бұған дейін 1bol.kz Нұрбек Оралбайдың мұрнына ота жасау қажет екенін жазған еді. Мұны бас бапкер де растады.

«Ол әлі біраз уақыт шаршы алаңға шықпайды деп ойлаймын. Десе де, жиындарға қатысады. Спаррингке әзірге шығармаймыз. Барынша мұқият болып, абайлауы керек болады», - дейді бас бапкер.

Ал, Қамшыбектің омыртқасында жарық (грыжа позвоночника – авт.) бар көрінеді. Сол секілді Асланбек Шымбергенов те ем алып жатыр. Сондықтан оларға жиындар мен алдағы сайыстарға қатыспауға рұқсат берген.

Еске салайық, Париж Олимпиадасында Қазақстанның ерлер құрамасы сәтсіз өнер көрсетіп, бас бапкер Мырзағали Айтжанов отставкаға кетті. Қазір оның орнына келген Қайрат Сәтжанов құраманы қайта жасақтап жатыр.