Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов басшылық қызметке тағайындалды

Редактор
13.12.2023, 23:10

Ол Олимпиада ойындарына үш рет қатысып, бәрінде ширек финалда жеңілген

Шымкент спорт басқармасы

Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов жаңа лауазымға тағайындалды. Ол енді «Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры лауазымын атқармақ. 

Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбековтің бұйрығымен Біржан Жақыпов клуб тізгінін ұстаған. 

Спортшы Бейжің, Лондон және Рио Олимпиаларына қатысты. 49 келіде сынға түскен отандасымыз үш рет ширек финалға дейін жетіп, болашақ Олимпиада чемпиондарына есе жіберген. Сондай-ақ, ол Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың шәкірті.

Ол 2005 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанса, 2013 жылы әлем біріншілігінде топ жарды. Сондай-ақ, Азия ойындарында екі рет күміс жүлдеге ие болды.