Ол әуесқой бокстан Аргентина чемпионы атанған
Аргентиналық боксшы қыз София Роблес кәсіпқой бокстағы дебютін сәтті бастады. Ол қазақстандық Геннадий Головкиннің фанаты болғандықтан, шаршы алаңға София «Головкина» деген есіммен шыққан.
23 жастағы Роблес Буэнос-Айроста (Аргентина) өткен бокс кешінде жерлесі Виктория Мануэла Ромеромен (0-4) кездескен. Төрт раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін өтіп, төрешілер шешімімен Роблес жеңіске жетті.
Биыл аргентиналық боксшы қыз өз армандарының бірін орындады, ол Италияда өткен лицензиялық турнирде Геннадий Головкинмен кездесіп, онымен фотосуретке түсті.
Роблес әуесқой бокста үлкен жетістіктерге жетіп үлгерген жоқ. Ол Аргентина чемпионатын жеңгеннен кейін кәсіпқой боксқа ауысты.