Турнирді Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері Рой Джонс тамашалауы мүмкін
Ертең Қарағандыда бокстан Қазақстан чемпионаты басталады. Кезекті ел біріншілігіне ұлттық құраманың көптеген көшбасшысы қатысады деп күтіліп отыр.
Бірақ жақында ғана аяқталған Азия чемпионатында жүлде алған боксшылар бұл сыннан тыс қалмақ. Аталған жағдай туралы құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов атап өтті. Оның сөзінше, Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР чемпионатына дайындалуға уақыттың болмауына байланысты қатыспайтын көрінеді.
Қазақстан чемпионатының күндізгі сессиясы 14:00-де басталса, кешкі сессия 18:30-да басталмақ. Сондай-ақ, бұл дода 24 желтоқсанда аяқталады.
Қарағандыда біріншілікті белгілі кәсіпқой боксшы, Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері Рой Джонс тамашалауы мүмкін. Чемпионат қарсаңында Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев танымал боксшының елге келген сәті туралы фотосурет жариялады.