Баходир Жалолов Париж олимпиадасын әділетсіз жеңді – британдық бапкер

Редактор
17.12.2024, 16:19

Оның кәсіпқой бокстағы болашағы да тек өзіне байланысты болады

Olympics

Британдық бокс шолушысы және бапкер Тейлор О’Хиггинс 2024 жылды қорытындылап, өзбек боксшысы Баходир Жалоловқа ерекше тоқталды.

Оның пікірінше, 2024 жылдың аса ауыр салмақтағы ең үздік боксшысы деген атаққа Жалолов лайықты емес. Өзбектің Париж олимпиадасында чемпион болуы да әділетсіз дейді ол.

Есте болса, Жалолов Олимпиаданың ширек финалында аустралиялық Теремоана Джуниормен жұдырықтасып, 5:0 есебімен жеңген болатын. Алайда, спорт сарапшыларының көбі жекпе-жектің тең дәрежеде өткенін жазып жатты.

«Мен Жалоловты әуесқой бокстағы 2024 жылдың үздігі деп санамаймын. +92 келі дивизионы ең нашар боксшылар жиналған дивизион. Жалолов Олимпиада финалына дейін еш қарсылық көрмей өтті. Бірақ, оның Теремоанамен болған жекпе-жегі күмән тудырады», - деп жазды О’Хиггинс X әлеуметтік желісінде.

Ал, Жалоловтың кәсіпқой бокстағы жолы қандай болады деген сұраққа британдық бапкер нақты жауап бермеді. Оның пікірінше, бәрі де боксшының өзіне байланысты. Егер қазіргідей «қапшықтарды» ұруын жалғастыра берсе чемпиондық белбеу туралы армандаудың қажеті жоқ.

«Усик пен Фьюри зейнетке кеткеннен кейін Жалоловта чемпиондыққа таласатын мүмкіндік туады. Егер белсенді болып, ТОП боксшылармен жұдырықтасса, ол кемі бір белбеуге иелік етеді. Ал, қазіргі жағдайы көңілімнен шықпайды», - деді ол.

Айта кетейік, Баходир Жалолов аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Ал, кәсіпқой бокста 14 жекпе-жек өткізіп, оның бәрінде нокаутпен және техникалық нокаутпен жеңіске жеткен. Келесі жекпе-жегін ол 6 ақпанда Канаданың Монрель қаласында өткізеді. Қарсыласы – француз боксшысы Дэвид Спилмонт (16-8-1, 11 КО).