Бокстан Моңғолия чемпионатында екі қазақ топ жарды

Редактор
17.01.2025, 18:00

Қоржында тағы бір күміс және бір қола медаль бар

Фото ашық дереккөзден

Ұланбатырда бокстан Моңғолия чемпионаты мәресіне жетті. Жарыста өнер көрсеткен жергілікті қазақ боксшылары екі алтын, бір күміс және бір қола медаль еншілеген.

Ел чемпионаты World Boxing ұйымының форматымен өтсе, әйелдер арасында IBA ұйымының форматымен болды.

Биыл Моңғолия тарихында алғаш рет екі бірдей қазақ чемпион атанды. Олардың бірі – 70 келіде өнер көрсеткен Жандос Асқарұлы (Баян-Өлгий). Жандос бұған дейін бір рет – күміс, тағы бір рет – қола жүлдегер атанған. Биыл топ жарды.

Сондай-ақ, аса ауыр салмақта (+90 кг) жұдырықтасқан Бекнұр Қалиұлы Моңғолияның үш дүркін чемпионы атанып отыр. Ол былтыр Тайландта өткен Азия чемпионатында қола медаль алып, Моңғолия қазақтары арасынан Олимпиада бағдарламасына кірген спорт түрінен құрлық чемпионатта жүлде алған алғашқы спортшы болып тарихта қалды. Сондай-ақ, ол бокстан ауыр салмақта құрлықтық чемпионатта медаль алған тұңғыш моңғолиялық боксшы атанды.

Әйелдер арасында 48 келіде Жанаргүл Бейсенбай финалда өнер көрсетті. Ақтық сында ол әлем чемпионатының күміс жүлдегері Лутсайхан Алтанцэцэгтен жеңіліп, күміс медальға ие болды. Жанаргүл осымен Моңғолия чемпионатында үшінші жыл қатарынан финалда бокстасып, үш жыл қатарынан күміс медаль алды. Ал, 2022 жылы ол қола медаль олжалаған.

Жанаргүл Налайх қаласының тумасы. Сонда туып, өскен.

Налайх қаласынан шыққан тағы бір қазақ қызы Құлын Алтынбекқызы 51 келіде қола жүлдеге қол жеткізді. Құлын Моңғолия чемпионатында алғаш рет медаль алып отыр.