Бокстың Олимпиададағы тағдыры наурызда шешіледі

Редактор
31.01.2025, 22:44

World Boxing ұйымына мүше елдердің саны 68-ге жеткен

ҰОК

Бокстың Олимпиада ойындарының бағдарламасындағы болашағы биылғы наурыз айында шешіледі. Аталған мәселе 2025 жылдың 20 наурызында Грекияның Коста-Наварино қаласында өтетін Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) 144-ші сессиясында қарастырылмақ.

Жаңадан құрылған World Boxing ұйымы Олимпиада бағдарламасында боксты сақтап қалу үшін белсенді жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Аталған ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин ХОК және ұлттық федерациялармен тығыз байланыс орнатылғанын атап, соның нәтижесінде World Boxing ұйымына мүше елдердің саны 68-ге жеткенін хабарлаған.

Биыл 2013 жылдан бері ХОК-ты басқарып келе жатқан Томас Бахтың президенттік мерзімінің аяқталуына байланысты қызметінен кетеді. Ал келесі басшысының кім болатыны әзірге белгісіз. Егер ХОК тарапынан World Boxing ресми мойындалса әуесқой бокс үшін мәселе біржақты шешімін таппақ.

Осылайша,  наурыздағы ХОК сессиясы бокстың Олимпиададағы тағдырын анықтайтын маңызды жиын болмақ. Егер оң шешім қабылданса, боксшылар төрт жылдық додада бақ сынауды жалғастырады. Ал егер керісінше шешім шықса, онда бокстың Олимпиада ойындарынан біржола шеттетілуі мүмкін.

Естеріңізде болса, Рио Олимпиадасынан кейін ерлер арасында бокстағы салмақ дәрежелері 10-нан 7-ге дейін қысқарған болатын. Есесіне, Лондонда әйелдер боксына қосылған 3 салмақ дәрежесі Токио Олимпиадасында 5-ке дейін көбейтілді.