«Қазақ стилі» мексикалық боксшыға лайықты қарсылас екеніне сенімді
WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өзінен бір салмақ дәрежесіне жоғары тұрған үш титулдың иегері, мексикалық Сауль «Канело» Альвареске лайықты қарсылас болатынына сенімді.
«Егер ол дайын болса, менің де дайын екенімді білесіздер! Ал сіздер бұл жекпе-жекте не болатынын жақсы білесіздер! Бұл жай ғана ақша алатын күн емес. Бұл Канело үшін өте ыстық, жүйкеге тиерлік және стресске толы күн болады!», — деп жазды «Қазақ стилі» әлеуметтік желідегі Х парақшасында өз суреті мен Альварестің фотосын жариялап.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі 5 сәуір күні Астанада өтеді. Ол француз Анауэль Нгамиссенгемен жұдырықтасып, өз титулдарын қорғайды.