Әйгілі боксшы орта салмақта абсолютті чемпион болуды мақсат еткен
Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы 2024 жылдың жоспарымен бөлісті.
Есте болса былтыр 14 қазанда АҚШ-та неміс боксшысы Винченцо Гуальтьеримен жұдырықтасқан Жәнібек алтыншы раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, WBO чемпиондық белбеуін қорғаған болатын. Сондай-ақ, IBF белбеуін қанжығасына байлады. Енді 2024 жылы ол осы салмақта үшінші титулды жеіп алуды көздеп отыр.
«2024 жыл басталды дегеніміз, жаңа титулға жорық басталды деген сөз! 2023 WBO титулын сәтті қорғап, IBF титулын жеңіп алған берекелі жыл болды. Құдай қаласа биыл кем дегенде тағы 1 титулды қанжығаға байлау керек! Қазақ абыройын асқақтатып, көк туды желбірету керек! Мақсат осы», - деп жазды Ж.Әлімханұлы өзінің Instagram-парақшасында.
Айта кетейік, қазақ боксшысы орта салмақта абсолютті әлем чемпионы болуды көздейтінін бұған дейін айтқан болатын. Сосын ол салмағын көтеріп, Сауль Альвареспен кездесу өткізуді қалайтынын мәлімдеді.