Амир Хан Пәкістандағы әуесқой боксты дамытуға белсенді атсалысып жүр
Астанада Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы, әлем чемпионы Мерей Ақшалов Олимпиада тарихындағы ең жас жүлдегерлердің бірі, кәсіпқой бокста есімі алтын әріппен жазылған Амир Ханмен кездесті.
Кездесуге еліміздің туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев та қатысты. Әңгіме барысында қос тарап әуесқой және кәсіпқой бокстың қазіргі жағдайы мен даму бағыттарын сөз етіп, болашақта ортақ жобаларды жүзеге асыру жайын талқылаған.
Мерей Ақшаловтың айтуынша, Амир Хан бүгінде Пәкістандағы әуесқой боксты дамытуға белсенді атсалысып жүр.
«Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру және бокс саласында бірлескен жобаларды қолға алу мәселесін көтердік», – деді федерация бас хатшысы.
Айта кетейік, Амир Хан 2004 жылы Афины Олимпиадасында 60 келі салмақта күміс жүлдеге ие болды. Финалда ол кубалық Марио Кинделанға есе жіберсе, жартылай финалда қазақстандық Серік Елеуовті жеңіп, тарихта 17 жасында Олимпиададан медаль алған ең жас боксшы ретінде қалды.