Сотта Бивол жеңіске жетіп, Екатеринаға ескерту жасалды
Жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Бивол сот отырысынан кейін қандай күйге түскені жайлы айтты.
Еске сала кетейік, танымал былғары қолғап шебері бұрынғы жұбайын әлеуметтік желілерде айтқан балағат сөздері үшін сотқа берген. Сотта Бивол жеңіске жетіп, Екатеринаға ескерту жасалды. Содан бері ол бұрынғы күйеуі туралы көпшілік алдында пікір білдірмей келген.
«Мен оның абьюзер адам екенін жақсы білемін... Бүгін ұйқыдан оянып, шұлығымның қайда жатқанын түсіне алмадым... бетіме жағатын кремнің қайда қалғанын да білмеймін, себебі оны бетіме жақпағаныма жарты жыл болыпты. Маникюр жасату дегенді қойдым, тамақтың дәмін сезіне алмайтын күйге жеттім, достарыммен кездеспей, тіпті кітап оқымайтын болдым. Қайғы-мұңға батып кетіппін. Соны бәрі осыған тұрарлық па? Өз-өзіңді іштей жеу... – деп жазды Екатерина әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ ол балаларының әлеуметтік желідегі шектеулеріне қатысты да ойын айтты.
«Балаларым менімен бірге тұрады. Олар «Инстаграмдағы» парақшаларына кіре алмайды. Бұрын да кіре алмайтын. Себебі олардың аккаунттарын бұрынғы күйеуіммен бірге жүргізетінбіз, бірақ екі жыл бұрын ол менен кіруге рұқсатты ұрлап алды. Басқа да көп дүниені тартып алды. Мені барлық жерде бұғаттаған. Сондықтан оның әлеуметтік желідегі өміріне сене бермеңіздер», – деді Екатерина.
Дмитрий мен Екатерина 2023 жылдың маусымында ресми түрде ажырасқан. Содан бері Екатерина көпшілік алдында екеуінің ортақ балалары – Мирон мен Никон үшін төленетін алимент мөлшерін арттыруды талап етіп жүр.
2024 жылдың желтоқсан айының басында Екатерина бұрынғы күйеуінің оған қарсы прокуратураға арыз жазғанын хабарлады. Арада бірнеше апта өткен соң сот процесі басталған.
Айта кетейік, 22 ақпанда Сауд Арабиясында өткен реваншта Бивол жерлесі Артур Бетербиевпен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті, сол арқылы абсолютті әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Осыдан біраз уақыт бұрын ол чемпиондық белбеулердің бірін қорғаудан бас тартты.