Қос боксшы әлеуметтік желіде дауласуды жалғастырып жатыр
Орта салмақта WBC чемпионы Карлос Адамес Жәнібек Әлімханұлының әлеуметтік желідегі мәлімдемесіне жауап қатты. WBO және IBF белбеулерінің иегері саналатын «Қазақ стилі» доминикандық қарсыласын тағы да ашық жекпе-жекке шақырды.
«Егер Карлос қорықпай, қашып кетпесе, бұл кездесу жақын арада өтеді. Болмаса – мүлде болмайды. Жекпе-жектің тағдыры тек оның батылдығына байланысты. Ол тағы да белбеуінің артына тығылатын қорқақ болмаса екен», – деп жазды Жәнібек.
Адамес бұл пікірге бейжай қарамай, жауап ретінде өткір мәлімдеме жасады. Ол Жәнібекті рингте аяусыз жазалауға уәде берді:
«Мен бұл сөзді бір рет айтқанмын, енді қайталап жатпаймын. Бұрын мен нағыз қарсыластықты көретінмін, оны жанкүйерлер де сезетін. Бірақ дәл мынадай жағдайды ешкім көрген емес. Мен бұл бейбақты рингте қақ бөлмекпін.
Бетіне қараңыздаршы — қорқыныштан түрі бозарып кеткен. Айтары да қалмаған, дайын мәтінді оқып отырғандай әсер қалдырады. Доминикан күшін ұмытпаңдар! Top Rank-та менің доминикандық бауырым бар. Бұл жекпе-жекке келіс – сонда кімнің кім екенін бәрі көретін болады, – деді Адамес.