
Жәнібек Әлімханұлы үш белбеу үшін өтетін жекпе-жекке қатысты пікір білдірді
Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып жүрген Жәнібек Әлімханұлы доминикандық Карлос Адамеспен (WBC) жекпе-жек туралы әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады.
Қазақ боксшысы көптен бері күтіп жүрген кездесу жөнінде былай деді:
«Мен Карлоспен жекпе-жек өткізгім келеді , мұны бәрі біледі. Менеджеріммен сөйлестім, ол келіссөздер жүріп жатқанын растады. Жанкүйерлер асыға күтіп жүрген күн алыс емес сияқты. Егер Карлос қорқып қашып кетпесе, бұл айқас міндетті түрде өтеді. Бұл кездесу не жақын арада болады, не мүлде болмайды. Бәрі қарсыласымның батылдығына байланысты. Мен оның белбеудің артына тығылып жүрген кезекті қорқақ емес екеніне үміттенемін».
Еске салайық, Жәнібек қазіргі таңда WBO және IBF белбеулерінің иегері, ал Адаместің еншісінде WBC чемпиондық атағы бар. Егер келіссөздер сәтті аяқталса, алдағы жекпе-жекте орта салмақтағы үш бірдей әлемдік белбеу сарапқа салынады.