Биыл Олимпиадаға жолдама беретін екі халықаралық жарыс болады
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Миланда өтетін олимпиадалық іріктеу турниріне белгілеген жоспарымен бөлісті. Білікті маман Қазақпаратқа берген сұхбатында бұл сынның боксшылар үшін аса жауапты екенін атап, Олимпиада ойындарына қанша жолдама алуды көздеп отырғанын айтты.
«Барлығын уақыт, ринг көрсетеді. Қалған алты лицензияның бәрін жеңіп аламыз деп уәде беруден аулақпыз. Біз таласатын салмақта жолдама ала алмай қалған әлемнің қаншама мықты боксшылары бар. Олардың да арманы бізбен бірдей – қарсыласын ұтып, жолдамаға қол жеткізу. Қазір бокста бәсекелестік аса жоғары. Сол үшін Миланға аса жоғары деңгейдегі дайындықпен баруды көздеп отырмыз», - деді ол.
Сондай-ақ, М.Айтжанов Миланда жолы болмаған боксшылар тағы қандай жарыстарда лицензияға таласатынын атап өтті.
«Осы жылы бірінші лицензия тарататын жарыс Италияда өтсе, екіншісі Тайландта болады. Біріншісінде – 49, ал екіншісінде 51 лицензия ойнатылады деп жоспарланып отыр. Менің қазіргі басты мақсатым – аталған қос лицензиялық турнирге аса жоғары деңгейде дайындалып, қалған алты салмақтағы жолдаманы жеңіп алу. Жолдама қолға түссе, Парижде Токиода кеткен есені қайтарып, қазақ боксшыларын Олимпиаданың жеңіс тұғырынан көрсету», - деді бас бапкер.
Париж олимпиадасында боксшылар 7 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Бұл ретте Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге жалғыз жолдама бар. Оны Қытайда өткен Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы боксшы Қамшыбек Қоңқабаев иеленді.