Оның мансабын аяқтағанын өзі емес, ұлттық құраманың бас бапкері айтқан болатын
Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жақын күндері рингке қайта шығатынын мәлімдеді. Бұл туралы спортшы өзінің Instagram-парақшасында жазды.
Еске салсақ, Қамшыбектің бокстан кеткені туралы ең алғаш болып ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов мәлімдеген болатын.
Ал, күні кеше белгілі діндар Абдулахад Сманов әлеуметтік желіде «12 жылға жуық бірнші нөмерде болған Қамшыбек Қоңқабаевты рингтен көрмеу, жүректі елжіретеді екен…», - деген жазба қалдырды. Боксшы оған «Көп ұзамай рингтен көріп қаласыздар», - деген жауап жазған.
Қамшыбек бұған дейін 1bol.kz тілшісіне сұхбат бергенде мансабын аяқтауға қатысты нақты шешім қабылдамағанын, кәсіпқой бокста бақ сынауы мүмкін екенін айтқан еді.
Естеріңізге салсақ, Қамшыбек Қоңқабаев Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Сондай-ақ, Азия чемпионатында 4 рет күміс жүлдеге ие болған. 2021 жылы Токио Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді.