«Қазақ стилі» өз тарапынан қажетті құжаттардың бәріне қол қойған
IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) WBC нұсқасы бойынша чемпион Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 KO) жекпе-жек өткізуге толық дайын екенін мәлімдеді. «Қазақ стилі» өз тарапынан қажетті құжаттардың бәріне қол қойған, енді кезек доминикандық боксшының командасында. Бұл туралы Жәнібектің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Адамес, біз барлық құжатқа қол қойдық. Сені ғана күтіп отырмыз! Қол қоюдан неге қашып жүрсің? Құжаттың бәрі сенің үстеліңде тұр ғой!» - деп жазды Әлімханұлы.
Екеара жекпе-жекті жанкүйерлер де асыға күтіп жүргені рас. Бұған дейін Адаместің өзі де келіссөздер жүріп жатқанын айтып еді.
«Қазір менде Жәнібекпен біріктіруші жекпе-жек өткізу мүмкіндігі бар. Біз Top Rank-пен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, бұл айқасты ұйымдастырудың ең тиімді жолдарын іздеудеміз. Менің қазіргі басты мақсатым осы», – деді ол.
Естеріңізде болса, Карлос Адамес 2025 жылдың 22 ақпанында Эр-Риядта британиялық Хамза Ширазбен (21-0-1, 17 КО) жекпе-жек өткізіп, айқас тең нәтижемен аяқталды.
Ал Жәнібек Әлімханұлы 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанада француз Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 КО) бесінші раундта нокаутпен жеңіп, өз титулдарын сәтті қорғады.