Сабыржан Аққалықов туған жерінде жаттығу жасай алмай жүр
Бокстан Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанған Сабыржан Аққалықов туған жерінде жаттығу жасай алмай жүр. Бұл туралы ekaraganda.kz сайты мәлімдеді.
Қазақ боксының деңгейін әлемдік аренада асқақтатып жүрген Сабыржанның айтуынша, әңгіме Шахтинск қаласындағы «Тентек» спорт кешені жайлы. Бұрын Сабыржан мен оның бапкері сол залда жаттығып келген. Алайда соңғы уақытта оларды залға кіргізбей, түрлі сылтаулармен қуып шығады екен.
«Бір сағат жаттығу үшін 1000 теңге төлеймін. Қазір бізге лимит қойылған, содан кейін залдан шығарып жібереді. Қазақстанның кез келген қаласына барсам, мені залға қуана кіргізеді, тіпті менімен бірге суретке түседі. Туған қаламда, жертөледен шығып, Азия және әлем чемпионы атанған жерде бізді залға кіргізбейді», - деп ренжиді Сабыржан.
Аққалықовтың сөзіне қарағанда, бокс залының өзінде басқа спорт түрлеріне басымдық беріліп, бокспен айналысқысы келетіндер шетке ысырылып отыр.
«Плакат іліп қояды, «Біздің чемпион» дейді. Бірақ жаттығуға барсам, «бұл жерде каратэшілер, брейкдансшылар бар» дейді. Сөйтіп бізді ығыстырып шығарады», - деп қынжылады ол.
Жас спортшы мұндай келеңсіздікке бұған дейін де тап болған. Ол жастар арасында әлем чемпионы атанған кезде-ақ қала әкімімен кездесуде залда жағдай жасалмағанын, жуынатын бөлме керектігін айтқан. Қала басшысы уәде бергенімен, іс жүзінде ештеңе істелмеген.
«Біз сол кезде балалар мен жасөспірімдер орталығында жаттығатынбыз. Олар «жуынатын бөлме» жасап береміз еді. Бірақ кейін директор рұқсат бермей, жуынатын жерсіз қалдық», - дейді Сабыржан.
Жақында Сабыржан өзінің өмір жолы туралы деректі фильм түсіруге ниеттеніп, спорттық жолының бастауын көрсеткісі келген. Алайда залда түсірілім жасауға да рұқсат берілмеген.
«Мұндай қарым-қатынастан соң ол жерге барғым да келмей қалады», - дейді чемпион.
Қазіргі таңда Сабыржан Қарағандыға келіп, Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында немесе спорт интернатында жаттығуға мәжбүр. Соған қарамастан, ол бұл жағдайдың оң шешімін тауып, бір күні туған жерінде қайта жаттығу жасай алатынына сенеді.