Бұған ол қысқа да нұсқа жауап берд
WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) осы дивизиондағы ең жасы үлкен чемпионкубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 KO) жекпе-жек өткізуге қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін Жыланды ауылының тумасы келесі жекпе-жегіне дайындықты бастау үшін АҚШ-қа аттанғанын хабарлаған еді. Сонымен қатар, ол WBC чемпионы, доминикандық Карлос Адаместің (24-1-1, 18 KO) абсолютті әлем чемпионы үшін жекпе-жек өткізу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін екенін меңзеді.
Жанкүйерлердің бірі Жәнібекке Ларамен неге жұдырықтасып көрмеске деген сұрақ қойған. Бұған ол қысқа да нұсқа жауап берді:
«Ол менімен жұдырықтасуға келіспейтінін бәрі біледі», – деп жазды Әлімханұлы.
Эрисланди Лара – орта салмақтағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі. Ол кезінде мексикалық жұлдыз Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жек өткізген. Бұл кездесу 2014 жылы өтіп, төрешілердің даулы шешімімен Канело жеңіске жеткен болатын.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 5 сәуірде Астанада өткізіп, француз Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) бесінші раундта нокаутқа түсірген еді.