Данияр Елеусінов бұрынғы менеджерімен татуласып, кәсіпқой боксты жалғастыратын болды

Редактор
26.01.2024, 13:57

Осыған дейін ол 11 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен

instagram.com/yeleussinovdaniyar/

Белгілі кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов өзінің бұрынғы менеджерімен арадағы дау-дамайдан кейін ары қарай бірге жұмыс істеу туралы шешім қабылдады. Sport Plus Qazaqstan сайтының жазуынша, бұл туралы Зия Әлиевтің өзі мәлімдеген.

«Қазіргі кезеңде бізде үлкен міндеттер тұр. Атап айтқанда, промоушнмен келісімге келіп, қол қою секілді жұмыстар бар. Бұған дейінгі сот кезінде бізде бірнеше ұсыныстар болды. Кейбір промоутерлермен сөйлестік, бірақ әрі қарай жүре алмадық. Осыдан кейін бәрі басқаша болуы керек деп ойлаймын», - деді Әлиев.

Бұған дейін Данияр Елеусінов Matchroom Boxing менеджерімен бірге жұмыс істеу туралы шешімге келген болатын. Кейін іс сотқа жетіп, алдын ала тыңдаулар өткен еді. Сондай-ақ, боксшы мен менеджер арасында тек бір жақты келісімшарт қана жасалғаны айтылды. 

Данияр Елеусінов 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиада ойындарында бокстан 69 келіде жеңімпаз атанды. Ол қазақ боксшылары арасында Азия ойындарының екі дүркін жеңімпаз атанған әзірге жалғыз боксшы. Әлем чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері. Сондай-ақ, Азия біріншілігін екі мәрте ұтқан. Бұдан бөлек, АІВА-ның (қазіргі ІВА - ред.) таңдауы бойынша 2013 және 2014 жылдардағы үздік боксшысы.

Олимпиададан кейін кәсіпқой боксқа ауысқан спортшы 11 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның алтауында қарсыласын мерзімінен бұрын ұтты. Сондай-ақ, ол 2021 жылы ІВО нұсқасында әлем чемпионы атанды.

Материалда: