Ол соңғы 8 жылда мұндай шектен шыққан басшыларды көрмегенін айтады
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасында өнер көрсеткен Надежда Рябец спорттағы мансабын аяқтады. Бұл туралы спортшының өзі мәлімдеді, деп хабарлайды 1bol.kz.
Айта кетейік, Рябец қыздар боксынан Токио олимпиадасына қатысқан жалғыз қазақстандық боксшы. Ол жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, жастар арасында Азия чемпионы атанған.
Жас боксшы өзінің спорттан кету себебін саладағы былықпен түсіндірді.
«Мен бұл істі белгілі бір уақытқа дейін тастадым. Себебі өмірімнің маңызды сәттерін жоғалтқым келмейді. Қазір өзіме жақын адамдармен бірге болғым келеді. 2023 жыл мен үшін шешім қабылдайтын уақыт болды. Былғары қолғапты шегеге ілу өте ауыр. Алайда, бұлай істеуіме спортшыға деген теріс көзқарас, жүйедегі бітпейтін былық себеп болып отыр.
Соңғы 8 жылда мұндай шектен шыққан басшылықты көрген емеспін. Олар бір қызды құрамадан қуып жіберді. Біреуі азаматтығын ауыстырып, басқа елдің атынан сынға түсемін деп шешті. Ал мен тек қана кетуді жөн көрдім.
Өзін сыйлайтын спортшы осыдан кейін мансабын ара қарай жалғастырмайды. Қазір мен өте қолайлы жағдайдамын. Өзімді дамытып, өмірімді жақсарту үшін жұмыс істеп жүрмін. Ал арман ше? Олар арманымды өлтірді. Бәлкім мен құрамада тәртіп орнаған кезде спортқа қайтып оралармын...», - деді Надежда Рябец.
Қостанайлық боксшы 75 келіде өнер көрсектен болатын. Ол 2020 жылы Иорданияда өткен лицензиялық турнирде жолдама иеленіп, Токио олимпиадасына қатысқан.