Бибосыновтың 2025 жылғы ел чемпионатына қатыспайтыны белгілі болды
Қазақстанның танымал боксшысы Сәкен Бибосыновтың 2025 жылғы ел чемпионатына қатыспайтыны белгілі болды.
Ақпаратқа сәйкес, Бибосынов 25 қазанда Қырғызстанның астанасы Бішкекте жергілікті боксшы Әділет Качкынбековпен кәсіпқой рингте жекпе-жек өткізеді. Сол себепті ол 14–21 қазан аралығында Семейде өтетін Қазақстан чемпионатына қатыса алмайды.
Айта кетсек, бұл турнирдің қорытындысы бойынша 2026 жылға арналған ұлттық құраманың жаңа құрамы жасақталады. Бұған дейін Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов құрамды World Boxing ұйымының Ливерпульде өтетін әлем чемпионаты мен ел біріншілігінің нәтижелері негізінде анықтайтынын мәлімдеген.
Еске сала кетейік, Сәкен Бибосынов Ливерпульде өтетін тарихи World Boxing әлем чемпионатына да қатысудан бас тартқан болатын.
Қысқасы, Сәкен Бибосынов енді кәсіпқой рингке толықтай бет бұрған сыңайлы. Әлеуметтік желідегі парақшасында ол дайындық барысын бөлісіп, жанкүйерлеріне үн қатты:
«26 қазан – мен үшін үлкен күн. Жекпе-жегіме дайындық қызу жүріп жатыр. Әрбір тер төккен сәтім – жеңіске жақындатады. Бұл жолы да барымды салып, ел сенімін ақтау үшін рингке шығамын. Алда талай сынақ бар, бірақ мақсатым – тек жеңіс!», – деп жазды Сәкен Бибосынов.
Сол күні бір рингте Өзбекстан атынан Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, кәсіпқой бокста 8 жекпе-жегін де жеңіспен аяқтаған Хасанбой Дусматов та өнер көрсетеді. Оның бес кездесуі мерзімінен бұрын аяқталған.