Темірлан Мұқатаев Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған болатын
Семейде бокстан өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының ширек финалында жеңіліс тапқан жас боксшы, жастар арасында төрт дүркін Азия чемпионы Темірлан Мұқатаев жанкүйерлеріне әсерлі жазба арнады.
Бірінші раундта 5:0 есебімен алға шыққан Темірлан екінші раундта қарсыласымен соқтығысып қалып, қабағы жарылды. Осылайша, екінші және үшінші раундтарда төрешілер жеңісті Қызылорда облысының боксшысы Оңталап Рахмановқа берді.
Жеңілістен кейін спортшы ойын бөлісті:
«Ұтылдым, қателестім. Иә, қолымды көтермеді. Бұл өмір, бұл бокс. Иә, үміт ақталмады. Соңғы 6 жылдағы ең өкінішті сәтім. Жұмыс сондай. Мықтылардың барлығы чемпион емес. Әлсіздердің барлығы тұғырсыз емес. Ұтсаң – қалаулы, ұтылсаң – жарамсыз (неге қазақ сондаймыз). Сенген жандардан кешірім сұраймын. Ешкімге еш өкпем жоқ. Аяғым шалынса да, жүрегім соғулы. Келесі чемпиондық белестерде жолыққанша, қазағым».
Айта кетейік, Темірлан Мұқатаев тамыз айында Таиландтың Бангкок қаласында өткен U22 Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған болатын. Финалда ол өзбекстандық Шахзод Полвоновты айқын басымдықпен ұтқан еді.