Үшінші раундта Абылайхан тактикалық артықшылығын сақтап, қарсыласына мүмкіндік бермеді
Семей қаласында өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңінде 70 келіге дейінгі салмақтың жеңімпазы анықталды.
Бұл сында Қарағанды облысының тәжірибелі боксшысы Абылайхан Жүсіпов пен алматылық Фарух Тоқтасынов рингке шықты. Үш раундқа созылған тартысты кездесуде Жүсіпов толық басымдық танытып, төрешілердің бірауызды шешімімен (5:0) жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атанды.
Бірінші раундтан бастап Абылайхан қарсыласын қыспаққа алып, агрессивті және жинақы шабуылдарымен ұпай жинады. Фарух алғашқы секундтарда бірнеше дәл соққы жасағанымен, кейін қарқынын бәсеңдетіп, қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Екінші раундта Тоқтасынов жиі клинчке жүгінгенімен, Жүсіпов бұған жол бермей, әр деңгейде сәтті шабуылдар жасады. Үшінші раундта Абылайхан тактикалық артықшылығын сақтап, қарсыласына мүмкіндік бермеді.
Айта кетейік, Абылайхан Жүсіпов – әлем чемпионаттарының үш дүркін қола жүлдегері және 2024 жылғы Азия чемпионы. Ал оның қарсыласы Фарух Тоқтасынов – 2025 жылы Болгарияда өткен беделді «Странджа кубогының» күміс жүлдегері, бұл турнир әлемнің кіші чемпионаты ретінде танылған.