Жоспарың қандай болса да, мен оған дайын боламын
Орта салмақта WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, кубалық боксшы Эрисланди Лара өзін рингке қайта шығуға не жігерлендіретінін айтты.
Сондай-ақ ол 6 желтоқсанда өтетін жекпе-жектегі қарсыласы – WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына арнаған хабарламасын жеткізді.
«Мен үшін бокс барлығынан биік тұрады. 42 жасқа толсам да, мотивациям өшкен жоқ, әлі де шыңға шығуға ұмтыламын. Бұл істі отбасым, балаларым және өз атымды тарихта қалдыру үшін жасаймын. Мен әлі де өзімнің мықты екенімді, деңгейімді жоғалтпағанымды дәлелдегім келеді.6 желтоқсанда кездесеміз, Жәнібек! Жоспарың қандай болса да, мен оған дайын боламын. Сондықтан сен де жақсылап дайындал!» – деді Лара жекпе-жек алдындағы онлайн конференция кезінде.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы 5 сәуірде Астанада өткізіп, француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) 5-раундта нокаутпен жеңген болатын.