Бибосынов жарыстың соңына дейін сынға түсіп, жеңіске жеткен
Бокстан Токио Олимпиадасының жүлдегері Сәкен Бибосыновтың Семейде өткен ел чемпионатында жарақат алғаны мәлім болды.
Бұл туралы белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов жазба жариялады. Оның айтуынша, қазан айында өткен ҚР чемпионатында қолы сынған Бибосынов жарыстың соңына дейін сынға түсіп, жеңіске жеткен.
«Сәкен Бибосыновтың оң қолын бинтпен орап, жаттығып жүрген видеосын көрдім. Бұл жарақат Семейде өткен Қазақстан чемпионатында алынды. Финалға дейінгі айқастарда сындырып алған еді. Соған қарамастан Сәкен жарысты жалғастырам деді. Сылтау айтқан жоқ, жарыстан шыққан жоқ. Мырза ағайдың “на характере алып шығасың” деген сөзі бар. Сол қайсар мінездің арқасында ел үздігі атанды. Араға төрт күн салып, кәсіпқой бокста да жеңіске жетті. Не деген табандылық?! Енді әлгі қолмен икемге келетін жаттығуларды істеп, дайындықты да тоқтатпай жатыр», - деді Аслан Қаженов.
Ол мұндай жағдайда өнер көрсеткен белгілі отандық боксшылардың жайын мысалға келтірді.
«Бұған дейін Серік Сәпиев пен Бақтияр Артаев сияқты ағаларымыздың осындай жағдайларын естігем. Сәкеннің қолы сынғанын көріп, оның осыншалықты қайсарлығына таңқалдым. Дәл осылай Тайландтағы Азия чемпионатында аяғының сіңірі жыртылғанына қарамастан рингке шыққанына да куәгер болдық. Сәкенді жерден алып, жерге салатындар осындай моменттерге де мән берсе деймін. Жарысқа дейінгі жасаған жаттығуы мен төккен терінен бөлек, сын сағатында сынбай, тәуекелге бел буып, айқасқа араласатыны бар. Бұндай жанкештілік жасайтындар өте сирек. Сондықтан, қолда бардың қадірін біліп, уақытында қолдау танытайық. Сәкенге тезірек сауығып кетуді тілейміз! Сәттілік!”, - деді спорт журналисі.
Сәкен Бибосынов 51 келіде Токио Олимпиадасында жүлдегер атанған. Сондай-ақ, 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпиоанатында топ жарды. Алайда одан кейін өткен Азия, әлем чемпионаты, Азия ойындары сынды маңызды жарыстарда жеңілгеніне қарамастан ол Париж Олимпиадасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.