«Селтик» Еуропа лигасының жалпы кезеңінде 7 ұпаймен 24-орында тұр
Шотландиялық «Селтик» футбол клубы бас бапкер Уилфрид Нансимен келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл туралы клубтың ресми сайтында жазылды.
48 жастағы француз маманы «Селтикті» баптауды 2025 жылдың желтоқсан айында қолға алған еді. Оның жетекшілігімен команда 8 матч өткізіп, 6 рет жеңіліп, 2 ойында жеңіске жеткен.
Қазіргі таңда «Селтик» Еуропа лигасының жалпы кезеңінде 7 ұпаймен 24-орында тұр. Ал Шотландия чемпионатында 38 ұпаймен екінші орынға жайғасқан клуб көш бастап тұрған «Хартстан» 6 ұпайға қалып келеді.
«Клуб Уилфридке атқарған еңбегі үшін алғыс білдіреді және оған әрі қарайғы мансабында сәттілік тілейді. Сондай-ақ оның бапкерлік штабындағы көмекшілері де команданы тастайды. Бұдан бөлек, футбол операциялары жөніндегі директор Пол Тисдейл де қызметінен кетті. Жанкүйерлерге қосымша ақпарат жақын уақытта беріледі», - деп жазылған клуб хабарламасында.
Айта кетейік, Уилфрид Нанси «Селтикке» дейін Солтүстік Американың MLS лигасында «Коламбус Крю» мен «Монреаль» клубтарын жаттықтырған. 2024 жылы ол лиганың үздік бапкері атанған болатын.