Сергей Якушин – UEFA PRO лицензиясының иегері, Қазақстанда және шетелде жоғары деңгейде жұмыс істеген тәжірибелі маман.
Қазақстандық маман Сергей Якушин «Шахтердің» академиясына жетекші етіп тағайындалды.
Сергей Якушин – UEFA PRO лицензиясының иегері, Қазақстанда және шетелде жоғары деңгейде жұмыс істеген тәжірибелі маман. Ол әр жылдары Қазақстан Премьер-лигасында, Бірінші лигада және халықаралық чемпионаттарда бас бапкер әрі ассистент қызметтерін атқарып, жас футболшыларды дамыту мен командалық құрылымды қалыптастыруда жоғары нәтижелер көрсетті.
Маман Беларусь, Кипр және Қазақстан клубтарында еңбек еткен. Сонымен қатар «Локомотив» (Мәскеу), «Динамо» (Киев), «Бешикташ», «Шериф» және «Қайрат» секілді жетекші командаларда тағылымдамадан өткен.
Бұдан бөлек, Сергей Якушин жасөспірімдер футболы саласында үлкен тәжірибеге ие және Elite Youth UEFA A лицензиясымен жұмыс істейді. Бұл туралы қарағандылық клубтың Instagram парақшасында хабарланды.
Сергей Якушиннің соңғы жұмыс орны – Беларусьтің Дзержинск қаласындағы «Арсенал» клубында бас бапкердің ассистенті қызметі болды. Ал 2024 жылы ол Павлодардың «Ертіс» командасының бас бапкері ретінде жұмыс істеді.
Айта кетейік, «Шахтёр» футбол клубы – Қазақстан Премьер-лигасының екі дүркін чемпионы. Қазіргі таңда Бірінші лигада өнер көрсетіп жүрген клуб бұған дейін Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі Тимур Турловтың меншігіне өткен болатын.