Аргентиналық клуб Мессиді Отанына қайтаруды көздейді

Редактор
Бүгін, 10:51

Лионель Месси 1994 жылы 7 жасында «Ньюэллс Олд Бойз» академиясына қабылданған

© Anadolu / Contributor / Anadolu

Аргентиналық «Ньюэллс Олд Бойз» клубы Лионель Мессиді 2027 жылдың басында командаға қайтаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Бұл туралы клубтың вице-президенті Хуан Мануэль Медина TN арнасына берген сұхбатында айтқан. Оның сөзінше, Мессидің «Ньюэллс Олд Бойз» сапында 2027 жылдың бірінші жартысында ойнау жоспары әзірге тек идея деңгейінде қарастырылып отыр. Бұл бастама клубтың ұсына алатын инфрақұрылымына және бәсекеге қабілетті спорттық жобасына тікелей байланысты болмақ. Қазіргі уақытта футболшының агенттерімен келіссөздер жүргізілгенімен, нақты шешім қабылданбады.

Медина бұл жобаның Росарио қаласы, провинция және жалпы аргентиналық футбол үшін маңызды екенін атаған. Осы бағытта мемлекеттік билік өкілдері де тартылған. Келіссөздер 2024 жылдан бері жалғасып келе жатыр.

Лионель Месси 1994 жылы 7 жасында «Ньюэллс Олд Бойз» клубының жастар академиясына қабылданған. Ол алғашқы матчында-ақ төрт гол соққан. Жалпы клуб сапында 176 матч өткізіп, 234 гол авторы атанған. 2000 жылы ол Испанияның «Барселона» клубына ауысқаны белгілі.

Месси 2023 жылдан бері АҚШ-тың «Интер Майами» клубында ойнайды. Командамен бірге Лигалар кубогын және 2024 жылғы MLS тұрақты чемпионатында топ жарды. Әзірге футболшымен жасалған келісімшарт 2028 жылдың желтоқсан айына дейін жарамды.

Лионель Месси Аргентина құрамасымен 2022 жылғы әлем чемпионы атанса, Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпазы болды. Сондай-ақ Испания Ла лигасында 10 рет («Барселона»), Франция чемпионатында 2 мәрте (ПСЖ) топ жарды.

Реклама
Реклама