22 жастағы қазақстандық шабуылшы 34 ойын өткізіп, 5 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген
Қазақстандық шабуылшы Максим Самородов Ресей Премьер-лигасы матчында алғаш рет үздік ойыншы деп танылды.
Грозныйлық «Ахматтың» футболшысы бұл марапатты РПЛ-дің соңғы турында «Сочиге» қарсы өткен кездесуден кейін иеленді. Қазақстан құрамасының форварды матчтағы жалғыз голға тікелей себепкер болды. Кездесудің 85-минутында Самородов орындаған бұрыштамадан кейін Клисман Цаке есеп ашқан еді. Дегенмен, «Ахмат» матч соңында басымдықты сақтап қала алмай, ойын 1:1 есебімен аяқталды.
Матчтан кейін қазақстандық футболшы өз әсерімен бөлісті.
«Екі маусым бойы күткен марапатқа алғаш рет қол жеткіздім. Әрине, бұл – мен үшін ерекше сәт», – деді Самородов.
22 жастағы шабуылшы аяқталған маусымда барлық турнирде 34 ойын өткізіп, 5 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді. Ал «Ахмат» Ресей Премьер-лигасының маусым қорытындысында 37 ұпай жинап, турнирлік кестеде тоғызыншы орынға жайғасты.