Төрешілердің қателігі салдарынан бразилиялық жұлдыз ойынды ерте аяқтады
Бразилия чемпионатындағы «Сантос» – «Коритиба» матчы Неймарға қатысты даулы оқиғамен есте қалды. Төрешілердің қателігі салдарынан бразилиялық жұлдыз ойыннан еріксіз кетуге мәжбүр болды.
Кездесудің екінші таймында Неймар алаң сыртында медициналық көмек алып жатқан. Осы сәтте «Сантос» бас бапкері Гонсало Эскобардың орнына Робиньо Жуниорды шығаруды жоспарлаған. Алайда төрешілер қателесіп, ауыстыру тақтасында Неймардың 10-нөмірін көрсетіп жіберген.
Бразилиялық футболшы қайта алаңға шықпақ болғанымен, төрешілер оның ресми түрде ауыстырылғанын мәлімдеді. Неймар бұл шешімге ашық наразылық білдіріп, тіпті қарсылық көрсеткені үшін сары қағаз да алды.
Ашуға булыққан шабуылшы ауыстыру жазылған қағазды жұлып алып, төрешілердің қателескенін дәлелдеуге тырысты. Ол құжатты камераға көрсетіп, эмоциясын жасыра алмады.
Ал матчтың өзі «Сантос» үшін сәтсіз аяқталды. «Коритиба» қарсыласын 3:0 есебімен ойсырата жеңді.
Осы жеңілістен кейін «Сантос» 18 ұпаймен Бразилия чемпионаты турнирлік кестесінің 16-орнында қалып отыр.