Сарапшы жас қақпашыны қолдауға шақырды
Қазақстан футбол федерациясы президенттігіне бұрынғы үміткер Алтай Даумов Қазақстан Премьер-лигасының 12-туры аясында өткен «Ордабасы» мен «Қайрат» арасындағы матчқа баға беріп, алматылық клубтың қақпашысы Темірлан Анарбековті қолдады.
Маманның пікірінше, бұл кездесу турдың ғана емес, чемпионаттың алғашқы айналымындағы ең маңызды ойындардың бірі болды.
«Бұл сөзсіз бірінші айналымның орталық матчы еді. «Қайрат» ойынды өте жақсы бастап, жеңіске деген жоғары құлшынысын көрсетті. Алайда «Ордабасы» қарсыласының қарқынын тоқтатып, матч тағдырын өз пайдасына шешіп кетті. Қазір көпшілік Темірлан Анарбековті жіберіп алған голдар үшін кінәлап жатыр. Бірақ ол Мануэль Нойер емес қой. Бұл — негізгі құрамдағы алғашқы толыққанды маусымын өткізіп жатқан жас қақпашы. Әр матчта керемет сейвтер жасап, команданы құтқарады деп күту дұрыс емес. Мұндай қателіктер футболда болып тұрады. Керісінше, дәл қазір оған қолдау қажет», — деді Даумов.
Сарапшы сондай-ақ «Ордабасының» чемпиондыққа басты үміткерлердің біріне айналғанын атап өтті.
«Ордабасы» маусым бойы тұрақты ойын көрсетіп келеді. Жоғалтқан ұпайлар бойынша есептегенде, олардың «Қайраттан» бес ұпайлық басымдығы бар. Бұл чемпиондық жолындағы маңызды артықшылық», — деді ол.
Айта кетейік, 12-турдағы жеңістен кейін «Ордабасының» еншісінде 28 ұпай бар. Шымкенттік клуб турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Ал 26 ұпай жинаған «Қайрат» екінші сатыда тұр.