Жарнама
Жарнама

«Хан Тәңірі» клубында жанжал: бапкер төрешіге су шашып, тергеу басталды

Редактор
Бүгін, 10:02

Оқиға «Астана» жастар құрамасына қарсы өткен 8-тур кездесуінің 82-минутында болған

Видеодан кадр

Алматылық «Хан Тәңірі» Бірінші лигадағы ойында болған жанжалдан кейін дауға қалды. Клубтың бір бапкерлік штабының мүшесі матч барысында төрешіге бөтелкедегі суды шашып жіберген, бұл жағдайға байланысты ішкі тексеріс басталды.

Оқиға «Астана» жастар құрамасына қарсы өткен 8-тур кездесуінің 82-минутында тіркелген. Сол сәтте алматылық ойыншы Әбілқайыр Әбдірахманов қызыл қағаз алып, алаңдағы атмосфера күрт ушығып кеткен.

Шешімге келіспеген бапкерлік штаб төрешімен дауласып, артынша қақтығыс шиеленіскен. Төреші эмоцияға берілген қызметкерді алаңнан қуды. Алайда алаңнан шығар сәтте ол өзін ұстай алмай, арбитрге су шашып жіберген.

«Клуб қызметкерінің бұл әрекеті кәсіби футболға мүлде жат, қабылдауға болмайтын қылық. Ол спорттағы әдеп, өзара құрмет және ойын рухы қағидаларын өрескел бұзады. «Хан Тәңірі» футбол клубы мұндай жағдайды қатаң айыптайтынын және өз қызметінде бұл құндылықтарды басты орынға қоятынын мәлімдейді. Клуб Қазақстан футбол федерациясынан, төрешілер бригадасынан, матчқа қатысқан командалардан, жанкүйерлерден және бүкіл футбол қауымдастығынан шын жүректен кешірім сұрайды. Оқиғаға байланысты ішкі қызметтік тергеу басталды. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғаларға клуб регламентіне сәйкес қатаң тәртіптік шаралар қолданылады, оның ішінде еңбек шартын бұзу мәселесі де қарастырылуы мүмкін», – делінген клуб мәлімдемесінде.

Ал қызыл қағаздан кейін «Хан Тәңірі» тарапы есепті теңестіріп үлгергенімен, соңғы минуттарда қайта гол жіберіп, 2:1 есебімен жеңіліп қалды. 

Реклама
Реклама