Өзбекстан бапкері күтпеген мәлімдеме жасады
Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро 2026 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында командасының басты мақсаты туралы айтты.
Италиялық маман өз ойыншыларын артық қысымнан қорғау қажет екенін айтып, Өзбекстанның әлем біріншілігінде чемпион атануы екіталай екенін ашық мәлімдеді.
Каннавароның айтуынша, әлем чемпионатына алғаш рет жолдама алған команда ең алдымен турнир атмосферасынан ләззат алып, өз мүмкіндігін көрсетуге тырысуы керек.
«Спортшылар біздің әлем чемпионатына бара жатқанымызды түсінуі керек. Біз бұл турнирден ләззат алуымыз қажет. Егер міндетті түрде жеңу керек деген қысыммен барсақ, футболдан рахат ала алмаймыз. Біз адамдарға өзіміздің неге қабілетті екенімізді көрсетуіміз керек. Ойыншыларыма қосымша қысым жасағым келмейді, өйткені сырттан болатын қысымның өзі жеткілікті», – деді Каннаваро.
Әлем чемпионы атанған маман негізгі дайындық жарыс басталғанға дейін жүргізілетінін атап өтті. Оның пікірінше, турнир кезінде футболшылар еркін ойнап, өз әлеуетін толық көрсетуге мүмкіндік алуы тиіс.
«Негізгі жұмыс турнирге дейін атқарылады. Ал әлем чемпионаты басталғанда одан ләззат алу керек. Себебі біз бұл жарыста жеңімпаз атана алмайтынымызды түсінемін. Сондықтан өз футболымызды көрсетуіміз қажет. Алаңға шығып, отбасы мүшелерімен көшеде футбол ойнап жүргендей еркін әрекет етуіміз керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз», – деді өзбек құрамасының бас бапкері.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы тарихта алғаш рет футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Орталық Азия өкілдері АҚШ, Канада және Мексикада өтетін дүбірлі додада өз мүмкіндігін сынап көреді.