«Галатасарай» жанкүйерлері Зайнутдиновты футболдан шеттетуді талап етуде

Редактор
22.02.2024, 19:38

Ол екі матчтық дисквалификация алуы мүмкін

bjk.com.tr

Әлеуметтік желіде Қазақстан құрамасының ойыншысы Бақтиер Зайнутдиновтың «Бешикташ» жанкүйерлерімен сөйлескен сәті тарады. Онда футболшыны қоршаған бір топ адам «Галатасарай» клубына қатысты балағат сөз айтқан. Бақтиер болса оларды қоштап сөйлейді.

Бұл өз кезегінде «Галатасарай» жанкүйерлерінің ашуын туғызды. Олар қазақстандық футболшының жазалануын талап етуде.

«Бешикташ» сапында ойнайтын Бақтиер Зайнутдинов «Галатасарайды» балағаттады. Түркия футбол федерациясы бұған көз жұма қарай ма, әлде тиісті шара қолдана ма, көрейік.

Зайнутдинов не айтылғанын түсінеді, өйткені ол Қазақстаннан. Әдейі қасақана балағаттауы жазасыз қалмауы тиіс», - деп жазды «Галатасарай» жанкүйерлері әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, «Бешикташ» пен «Галатасарай» арасындағы матч 3 наурызда болады. Егер, ТФФ Зайнутдиновты кемі екі ойыннан шеттетсе, ол аталған матчқа қатыса алмайды.